16 қараша күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Болат Қарабаевқа «Құрмет» орденін табыс етті. Сонымен қатар Болат Жұмашұлына аудан әкімі Азамат Аужанов Қазақтан Республикасының ауылшаруашылық министрінің Құрмет грамотасын табыстады. Жүктің ауырын нар ғана көтере алады. О бастан бар тіршілігі малмен байланысты болған халқымыз ауыр жүкті көтеруден тайсалмайтын, еңбек десе құлшынып шыға келетін ұлдарын қара нарға теңестіреді. Мұндай теңеу екінің біріне айтыла бермейді. Бұл жоғары баға қандай істі болса да қолға алудан қаймықпайтын, әрі оны аяғына дейін жеткізіп тындыра алатын жігіттің жігітіне, азаматтың азаматына ғана қарата айтылады. Осы тұрғыда есімі Ұзынкөл өңіріне кеңінен танымал тұлға, Ұзынкөл ауданының Құрметті азаматты, меценат, 2021 жылғы «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпазы, енді міне, «Құрмет» орденінің иегері Болат Жұмашұлы Қарабаев. Әрбір өңірдің өркендеуі ең алдымен қарапайым еңбек адамының белсенді тірлігіне, қажырлы қуатына тікелей байланысты. Өткен аптада Қостанай облысының әкімі Архимед Мухамбетов, Ұзынкөл ауданының әлеуметтікэкономикасына, және инфоқұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Болат Қарабаевқа мемлекеттік награда «Құрмет» орденін тақты. Болат Қарабаев халық ауылда қалып қана қоймай, ауылға қайтуы үшін обағандықтарға «Обаған» атты әлеуметтік бағдарлама ойлап тапқан. Осылайша ол ауыл тұрғындарын қолдап, жас мамандарды ауылға тартуды жоспарлап отыр. - Бұл бағдарламаның мақсаты не? Обағанда туғандар ауылдан көшпей, кері қайтуы үшін жасалды. Тұрғындар ауылға қайтса мен сиырды бұзауымен, биені құлынымен және үш қой беремін, егер мүлде ештеңесі болмаса қасығына дейін алып беремін. Бұл тек біздің тұрғындарға арналған бағдарлама. Биыл үш отбасы келген, олар қарап, қайтып келуге уәде берді. Бірақ біз жөні түзу, шекпейтін, ішпейтін отбасыларды аламыз, - дейді Болат Жұмашұлы. Бүгінде Обаған ауылында Болат Қарабаевтың қолдауымен 200 млн теңгеден астам қаржыға жаңа үйлер салынды. Жаңадан бой көтерген әр үйге орташа есеппен 20 миллион теңгеден қаржы жұмсалды. Әрқайсысына су тартылып, газбен жылытатын пештер орнатылды. Жиһазбен де жабдықталған. Бұл іске жергілікті шаруа қожалығының басшысы Болат Қарабаев ұйытқы болды. Мұндай салынған нысандар аудан орталығында да жоқ. Бұл ауылда бәрі заманауи. Қазір ауылда медицина, су, газбен жол бар. Сол себепті жергілікті халық та, атқарушы билік өкілдері Болат Жұмашұлына дән риза. Сұлтанбек ҚОЖАНОВ

Теги других блогов: продвижение SEO Google